Аднан Мендерес әуежайы Газиемир округіндегі өрт аймағына жақын жерде орналасқан. Орман өртінің жалғасуы, түтін және өрт сөндіру ұшақтарының жұмысына байланысты әуежай ұшақтарды қабылдауды тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті "Миллиет" басылымының хабарлауынша, ұшақтар басқа әуе айлақтарына жіберілген. Өрт бақылауға алынғаннан кейін рейстер әдеттегідей қайта жалғасады деп күтілуде.
Қызыл жалын Измир, Анталия мен Бурса сияқты бірнеше провинцияда өткен аптада тұтанған еді. Тілсіз жау жүздеген үйді зақымдады. Өрттің басталу себебі әзірге белгісіз. Жылдамдығы сағатына 100 шақырымға жеткен жел үлкен кедергі жасап тұр.
Өрттен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.