Израиль АҚШ-тың қаржылық қолдауын тоқтатуды жоспарлап отыр

310

Биньямин Нетаньяху мемлекеттік саясат туралы айтты. 

Израиль АҚШ-тың қаржылық қолдауын тоқтатуды жоспарлап отыр Фото: 1prime.ru

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың Израильге көрсетіп отырған қаржылық көмегінен біртіндеп бас тарту қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, ел экономикасы бүгінде сыртқы қолдаусыз да тұрақты жұмыс істеуге қауқарлы.

"Мен АҚШ-тың қаржылық көмегін тоқтатуды қолдаймын. Бұл жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақы секілді. Біз бұған тәуелді болмауымыз керек. Қазіргі Израиль экономикасы бұрынғыдай шағын емес, сондықтан АҚШ бөлетін қаражаттың орнын өз күшімізбен толтыра аламыз. Бұл үдерістің биыл басталғанын қалаймын", – деді Нетаньяху.

Премьер-министр бұл пікірін қауіпсіздік, Палестина мәселесі, Газа секторындағы ахуал, сондай-ақ Иран мен Ливанға қатысты саясатты сөз еткен кезде айтты.

"Израиль – еврей халқының ұлттық мемлекеті. Сондықтан мұнда Палестина мемлекеті құрылмайды", – деп мәлімдеді ол.

Нетаньяху Израильдің қауіпсіздік саласындағы ұстанымы өзгермейтінін де жеткізді.

"Газа секторындағы қоныстарды қалпына келтіру мәселесін сөз етпес бұрын нақты әрекет жасау қажет. Кей жағдайда алдымен жұмысты атқарып, кейін ғана оны жариялаған дұрыс. Сондықтан бұл тақырыпқа қатысты әзірге қосарым жоқ", – деді премьер-министр.

Мемлекеттік саясат туралы айта келе, ол халықаралық мәселелер бойынша барлық жоспарды алдын ала жариялаудың қажеті жоқ екенін айтты.

"Әлемге әр қадамымызды түсіндіріп отыруға міндетті емеспін", – деді Нетаньяху.

Сондай-ақ ол Израильдің Иранға қатысты ұстанымына тоқталды.

"Біз өз қауіпсіздігімізді қорғау үшін Иранға қарсы екі рет әскери әрекет жасадық. Қажет болған жағдайда мұндай қадамға үшінші рет те барамыз", – деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, Израиль әскері "Хезболла" тарапынан төнетін қауіп толық жойылғанға дейін Ливан аумағындағы позицияларын сақтайды.

"Біз Ливаннан толық кеткен жоқпыз. Ливан билігінің келісімімен шекарадан шамамен 10 шақырым жерде қауіпсіздік белдеуі құрылды. Әрине, бұл жағдай "Хезболлаға" да, Иранға да ұнамайды", – деді Биньямин Нетаньяху.
Сейсенбі күні Израиль премьер-министрі Ливанның оңтүстігінде орналасқан әскери бөлімдерге барып, Иран қолдайтын "Хезболла" қаупі жойылғанға дейін Израиль күштері аталған аумақта қалатынын тағы да растады.

Бұл мәлімдеме Ливан мен Израиль АҚШ-тың арағайындығымен бейбітшілік орнату және "Хезболланы" қарусыздандыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қойғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасалды. Келісім шарттарына сәйкес, Израиль әскерінің Ливан аумағынан кезең-кезеңімен шығуы Бейрут билігі Ливан қарулы күштері арқылы "Хезболла" бақылауындағы аумақтарды өз қарауына алған жағдайда ғана жүзеге асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу