Израиль Астанадағы діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысында ХАМАС шабуылын айыптады

566

Бүгін Астана қаласы төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы өтіп жатыр. 

Израиль Астанадағы діндер лидерлері Съезі Хатшылығының отырысында ХАМАС шабуылын айыптады Фото: Казахстанская правда

Иудаизмнің өкілі ретінде шақырылған Израильдің бас Ашкенази раввинінің өкілі Жоэль Адлер израиль-палестина қақтығысына тоқталып, ХАМАС әрекеттерін айыптауға шақырды.

"Мен осы отырысты пайдалана отырып, Израильде қаза тапқан мыңдаған адамдарды еске салып, халқымыздың қан жұтып, қайғы шегіп жатқанын айтқым келеді. Лаңкестер шабуылынан әйелдер мен балалар жапа шегіп жатыр. Мен бейбітшілік пен мейірімнің астанасына айналған Иерусалим қаласынан келіп отырмын. Осы орайда өзімнің басымнан өткен жағдаймен бөліскім келеді. Мен осы күндері еврей мерекесін атап өту үшін дәл осы қалада болдым. Алдыңғы күні, сенбіде сағат таңғы 7-де Иерусалимді зымыранмен атқылап жатқан кезде жантүршігерлік дабылдан ояндым. Халықты қауіпсіз жерге көшіріп жатқаны белгілі болды. Сол жерде бір жігіт маған қансырап жатқан жас жігіттің суретін көрсетті, еденде жатқан жігітті бәз біреулер ұрып-соғып жатты. Осы бір қысқа ғана естелік арқылы мен сіздерге еврейлердің қазіргі хал-жағдайын, қайғысын жеткізгім келді. Зымыран атқылау былай тұрсын, қаншама бала тұтқынға алынып, Газа секторында ұсталып отыр. Сіздің балаңыз не әжеңіз тұтқынға алынса, қандай сезімде болар едіңіз?", — деді спикер.

Жоэль Адлер ХАМАС қозғалысын террористік деп айыптап, оның әрекеттері кез-келген діннің ұстамына қайшы келетінін алға тартты.

"ХАМАС ұйымы осындай жиіркенішті әрекеттерімен Ислам дініне кірбің келтіріп, құдайға қарсы шығып жатыр. Ешқандай дін жауыздыққа уағыздамайды, мұндай әрекеттерді құптамайды. Құдайдың атына кір келтіру барлық дінге қауіп төндіреді. Біз осындай сәтте әлемдік діндер өкілдері ретінде үнсіз қала аламыз ба? Мәселе саясатта емес, адамгершілікте. Қандай заман болмасын, адам адамгершіліктен аттамауы керек. Үнсіздік — келісімнің белгісі, сондықтан қазір үнсіз қалуға болмайды. Менің айтқаныма қосылып, көз алдымызда жасалып жатқан қылмысты айыптауға шақырамын! Егер осы жағдай болмаса, мен этика, ғылым, технология саласындағы діннің рөлі, еврейлердің халықаралық қауымдастықтағы орнына тоқталар едім", — деді Ашкенази раввинінің өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу