Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) бейсенбіге қараған түні Газа секторына соққы бергенін растады, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазіргі уақытта ЦАХАЛ Газаға соққы беріп жатыр", — делінген армияның Twitter-дегі хабарламасында.
Бұған дейін Reuters агенттігі израильдік ұшақ палестиналықтар зымыран атқаннан кейін Газа секторына шабуыл жасады деп жазды. Сәрсенбіде Израиль қорғаныс армиясы Газа секторынан атылған зымыранды Израильдің әуе қорғанысы жүйесі ұстап алғанын хабарлады.
Өткен аптада жұмаға қараған түні Израиль мен Газа секторы зымыран соққыларымен алмасты. Оған батыс жағалаудағы Дженин қаласында палестиналықтар мен Израиль әскерлері арасындағы қақтығыстар себеп болған, нәтижесінде кем дегенде 10 палестиналық қаза тапты. Джениндегі израильдік лаңкестік әрекетке жауап ретінде палестиналықтар Иерусалимде екі шабуыл жасады.