Associated Press агенттігінің 19 қазан күні хабарлауынша, Израиль билігі Газа секторын толық қоршау басталғаннан бері алғаш рет гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат берді. Газа секторы он күннен бері қоршауда. Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) секторды қоршауды 7 қазанда Хамастың Израильге жасаған шабуылынан кейін бастады.
Израиль билігі палестиналық содырлар барлық кепілге алынғандарды босатпайынша, блокаданы алмайтынын баса айтты, бірақ АҚШ президенті Джо Байденнің сапарынан кейін жұмсарғандай болды. Бұған қоса олардың шешіміне жүздеген адамның өмірін қиған Газа секторындағы ауруханаға жасалған шабуыл әсер еткен болуы мүмкін (бұл жағдайға екі жақ бірін-бірі айыптап отыр).
АҚШ президенті Джо Байден Израильге сапары барысында Мысыр президенті Газа секторына гуманитарлық дәліз ашып, гуманитарлық көмек тиелген 20 жүк көлігінен тұратын алғашқы керуенді жіберуге келіскенін айтты. Көліктер Газаға 20 қазаннан кешікпей жіберіледі. ХАМАС гуманитарлық көмекті тәркілейтін болса, оны жеткізу тоқтатылады. Көмектің жеткізілу барысын БҰҰ өкілдері қадағалайды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Джо Байденнің өтініші бойынша гуманитарлық жүк керуенін Газа секторына жіберуге келіскенін растады. Ол Газа секторының оңтүстігіндегі бейбіт тұрғындарға ғана көмек көрсетілу керек екенін, бірақ ХАМАС содырларына ешбір жағдайда көмек көрсетілмейтінін атап өтті. Нетаньяхудың мәлімдемесі палестиналық содырлар кепілге алған израильдік әскерилердің туыстары мен бейбіт тұрғындардың наразылығын тудырды.