2025 жылы Израиль Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауынан бөлек, Ливан, Сирия, Йемен, Иран және Қатарға шабуыл жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
2025 жылы Газа секторындағы терең гуманитарлық дағдарысқа Тель-Авивтің әрекеттері тікелей себепші болды. Израиль "Хезболла" мен "Ансаруллах" қозғалысына қарсы күрес дегенді алға тартып, Ливан мен Йеменге соққы берді. Кейін Иранмен арада 12 күнге созылған қақтығыс болды. Бұдан бөлек Тель-Авив Қатар астанасы Дохадағы ХАМАС делегациясына және друздарды қорғау сылтауымен Сирия аумағына шабуыл жасады.
Израиль 2025 жылы Газа секторына қарсы агрессиясын тоқтатпады. ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы келісім 19 қаңтарда күшіне енді. Соған қарамастан, Израиль өз міндеттемелерін орындаудан бірнеше рет бас тартты. 10 қазанда атысты тоқтату туралы келісім қайта жарияланғанына қарамастан, Израиль аймаққа шабуыл жасауды тоқтатты деуге келмейді.
2025 жылғы 13 маусымда Израиль Иранға қарсы ауқымды шабуылды бастады. Қақтығыс 12 күнге созылды. Израильдің әуе соққыларына Иран қарымта жауап берді. Израиль Иранның жоғарғы әскери басшылығына, ядролық нысандарына, әуе қорғаныс жүйелеріне, зымыран ұшыру қондырғылары мен баллистикалық зымыран қоймаларына соққы жасады.
АҚШ 22 маусымда Иранның Натанз, Фордо және Исфахан қалаларындағы үш ядролық нысанын шабуылдады. 24 маусымда Ақ үй басшысы Дональд Трамп екі ел атысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеді.