Израиль елшілерін Түркиядан қайтарып алды

2634

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік бюросы өз азаматтарын Түркиядан тезірек кетуге шақырды.

Израиль елшілерін Түркиядан қайтарып алды Фото: РБК Инвестиции

Күні кеше Израильдің Түркиядағы елшісі бастаған дипломаттар елден кетті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты. 

 Екі күн бұрын Израильдің Ұлттық қауіпсіздік бюросы жасаған мәлімдемеде Түркиядағы дипломаттарды тезірек елден кетуге шақырған. Осыдан кейін-ақ Израильдің Түркиядағы елшісі қызметін атқарған Ирит Лилиан бастаған дипломаттар елден шықты. Олар күні кеше Ыстамбұлдан ұшып кеткен. Осы орайда Израиль тарапы дипломаттарын апыр-топыр әкетуінің себебі не деген сұрақ туады.  

Палестина-Израиль қақтығысы басталған күннен-ақ Түркия өзінің ұстанымын айқын көрсетті. Ердоған тараптарды атысты тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауға шақырды. Тіпті екі ел қаласа, араағайындық жасауға дайын екенін жеткізді. 17 қазан күні Израильдің Газадағы ауруханаға жасаған шабуылын Түркия қатаң айыптады. Көптеген қалада Израильге қарсы халық шеруге шықты. Сонымен қатар елде үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды.    

Алайда Ntv.com сайты таратқан хабарда дипломаттардың екі ел арасындағы дипломатиялық дағдарысқа байланысты емес, қауіпсіздік мәселесі бойынша елден кеткені айтылды.

Түркиядан бөлек Израильдің Таяу Шығыстағы кейбір елшіліктері де өз жұмысын тоқтатты. 

Sözcü сайты Израильдің мемлекеттік KAN телеарнасы таратқан хабарға сәйкес Бахрейн астанасы Манамадағы, Иорданиядағы және Мароккодағы елшілік дипломаттары да елге қайтқан деп жазады.

Сондай-ақ, Израиль кеше Мысырдың көптеген қаласында өткен шерулерден кейін қауіпсіздік мақсатында Каирдегі елшілік қызметкерлерін де  эвакуациялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу