Израиль үкіметі палестиналық "Хамас" қозғалысына қысым көрсету үшін шараларды күшейтуді жоспарлап отыр. Тель-Авив анклавқа электр энергиясын беруді тоқтатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті Kan басылымының хабарлауынша, Бұл Израильдің "Хамас" ұйымын келісімнің алғашқы кезеңін ұзартуға мәжбүрлеу үшін қабылдаған ең қатаң шарасы болуы ықтимал. Келісімге қол жеткізілмесе, Тель-Авив палестиналықтарды анклавтың оңтүстігіне эвакуациялап, АҚШ-тан жеткізілетін қару-жарақ арқылы соғысты қайта бастау мүмкіндігін де қарастырып отыр.
19 қаңтарда тараптар арасында бітімнің алғашқы кезеңі басталған болатын. Ол үш кезеңнен тұрады деп жоспарланған. Оған сәйкес Израиль мен "Хамас" тұтқындар мен қаза болғандардың денелерін алмастыруы тиіс. Алғашқы кезең 1 наурызда аяқталды.
2 наурызда АҚШ президентінің арнайы елшісі Стивен Уиткофф тараптарға жаңартылған бітім жоспарын ұсынды. Израиль бірден АҚШ-тың ұсынысын қабылдады, ал "Хамас" Уиткофф жоспарын қабылдаудан бас тартты.