Израиль ХАМАС қозғалысының нысандарына соққы берді, деп хабарлайды inbusiness.kz ел әскерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұған дейін Газа секторының аумағынан зымырандар ұшырылған еді.
"Газадағы террористер үш түн қатарынан Израильге зымырандармен шабуыл жасап жатыр. Олар Газа мен Израильдегі адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Бұған жауап ретінде біз әскери жаттығулары үшін, қару-жарақ шеберханасы, террористердің жерасты туннелі ретінде пайдаланылған ХАМАС-тың төрт нысанына соққы жасадық", – деп жазылған Израиль әскерінің мәлімдемесінде.
Бұған дейін әскерилер Израильге Газа секторынан зымырандар ұшырылғанын хабарлады. "Темір күмбез" қорғаныс жүйесі оларды қағып түсірді.
Қос елдің шекарасындағы жағдай 10 мамырда ушығып кетті. Екі апта ішінде Израильге Газа секторынан 4,3 мыңнан астам зымыран атылды, олардың 640-қа жуығы анклав аумағына құлады. Шабуыл салдарынан Израильдің 12 азаматы қаза тауып, 50-ден астамы ауыр жарақат алды. Израильдің шабуылынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 253-ке жетті, 1,9 мыңнан астам адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Табиғат Нұрболат
Фото: afp.com