Негізгі жоспар – Газа қаласына басып кіру және резервтегі ондаған мың сарбазды жұмылдыру, деп жазады inbusiness.kz сайты.
The Times of Israel дерегінше, Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Газа қаласын бақылауға алу операциясын мақұлдап, шамамен 60 мың резервисті әскер қатарына шақыруға келісім берді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шақырту хаттары алдағы күндері жіберіліп, негізгі күштердің қыркүйек басында жұмылдырылуы жоспарланып отыр. Бұл шешім армия қолбасшылығы мен Бас штаб бастығы Эял Замирдің ұсынысынан кейін қабылданған.
Әскери жоспар бірнеше кезеңді қамтиды: жолақтың оңтүстігінде гуманитарлық инфрақұрылым құру, бейбіт тұрғындарды эвакуациялау, қаланы толық қоршау және құрлықтағы шабуылға көшу. Операцияға жаяу әскер, бронды техника, артиллерия және инженерлік бөлімшелерден құралған 14 бригада қатыспақ.
Израиль әскерилері аймақтың оңтүстігінде қосымша көмек тарату бекеттері мен далалық госпитальдар орната бастағанын хабарлады.
Бұған дейін Хан-Юнисте орналасқан "Еуропа ауруханасы" астынан ХАМАС туннелі табылып, жабылған болатын. Енді оны қайта ашу жоспарланып отыр.
Қорғаныс министрі Кацтың айтуынша, гуманитарлық қадамдар әскери әрекеттермен қатар жүргізілуі тиіс.
Израильдің болжамынша, шамамен 1 миллионға жуық палестиналық Газа қаласын тастап шығуға мәжбүр болады.
Палестиналық дәрігерлердің "Әл-Жазираға" берген дерегінше, соңғы тәулікте секторда кемінде 35 адам қаза тапқан, олардың ішінде гуманитарлық көмек алмақ болған 10 бейбіт тұрғын бар.
Осы тұста Мысыр мен Қатар арағайын ретінде атысты 60 күнге тоқтату және кепілге алынған кейбір израильдіктерді босату жөніндегі келіссөздерді қайта жалғастыруға тырысуда.