Палестинаның билігі Газа секторына жасалған шабуылдан қаза тапқандардың қатарында газбен уланғандардың бар екенін мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство дерегінше, мәйіттер "аш-Шифа" медициналық орталығына жеткізілген.
"Патологоанатомдар бірнеше адамның тұншығып өлгенін растады. Сонымен қатар бірқатар адамның газға уланып ажал құшқанын көрсететін белгілер бар", – деп жазылған хабарламада.
10 мамырдан бері Израиль әскері мен Газа секторындағы палестиналық радикалдар арасындағы қақтығыс басылмай тұр. Бұған Шығыс Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіндегі тәртіпсіздіктер себеп болды. Сол кездегі шабуыл салдарынан 700-ден астам палестиналық зардап шеккен болатын.
Соңғы мәлімет бойынша, Израильдің Газа секторына жасаған соққыларынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 83-ке жетті.
Табиғат Нұрболат
Фото: apnews.com