Израиль мен ХАМАС тобы (ЕО, Ұлыбритания және АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында атысты тоқтату туралы келісімге келе алмай жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БҰҰ мен бірқатар Еуропа және Таяу Шығыс елдерінің басшылары оларды соғысты тоқтата тұруға шақырған.
Газа тұрғындары үшін Рамазан айы гуманитарлық апат кезеңіне тұспа-тұс келді. Газа денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі мәліметінше, анклавта аштықтан 20 адам көз жұмған, 16-сы — бала. Жергілікті билік Израиль шабуылдарынан көп мешіт қирап, бүлінген дейді.
АҚШ Газаға гуманитарлық көмек тиеген кеме жіберді. Ақпаратқа қарағанда, ол көмекті жеткізуге уақытша айлақ керек, кеме соған қажет жабдық жеткізеді. Өйткені Газада порт инфрақұрылымы жоқ. Сонымен қатар АҚШ президенті Джо Байден ел үкіметінен гуманитарлық көмекке, оның ішінде Газа тұрғындарына 10 млрд доллар бөлуді сұрады.