Газа секторын басқаратын ХАМАС қозғалысы мен Израиль билігі арасындағы атысты тоқтату режимі 21 мамырда күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz The Wall Street Journal дерегіне сілтеме жасап.
Басылымның дерегі бойынша, Египет билігі ХАМАС тобын келіссөздер барысында осындай қадамға жасауға көндірген. АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі де атысты тоқтату режимі осы аптада күшіне енеді деген пікірде.
Бұған дейін ФАТХ өкілі Джибрил Раджуб ХАМАС қозғалысы мен Израиль билігі атысты тоқтату туралы келісімге 24 сағат ішінде қол жеткізетінін айтқан болатын. Бірақ Axios порталы Израиль үкіметіндегі өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Израильдің Палестина топтарына қарсы әскери операцияны аяқтауына тағы бірнеше күн қалғанын жариялаған еді.
Еске сала кетсек, Израиль мен Палестина арасындағы шиеленіс 10 мамырда басталды. Сол уақыттан бері қос тарап бір-біріне шабуыл жасауда. Соңғы мәлімет бойынша, Израильдің 12 азаматы қаза тапты. Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шабуылдардан ажал құшқан палестиналықтардың саны 250-ден асты.
Табиғат Нұрболат
Фото: apnews.com