Израиль билігі Палестина тұрғындарына мерзімі жақында өтетін Pfizer вакциналарын беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz The Independent сайтына сілтеме жасап.
Оларға шамамен бұл препараттың миллион дозасы жеткізілмек. Бірақ палестиналықтар кейін сонша вакцинаны Израильге қайтаруға тиіс. Палестина автономиясына препаратты жеткізу 2021 жылдың қыркүйек немесе қазан айларында жүргізіледі.
Бұған дейін Израиль Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында тұратын 4,5 миллионнан астам палестиналықтарға вакциналарды бермегені үшін сынға ұшыраған болатын.
Ескере кететін жайт, еврей мемлекеті вакцинацияланған азаматтар саны бойынша көш бастап тұр. Бұл елдегі ересек тұрғындардың шамамен 85%-ы екпе салдырған.
15 маусымда Израиль билігі банктер мен супермаркеттер сияқты жабық қоғамдық орындарда маска кимеуге рұқсат беріп, ел ішінде вакцинация жүргізуден бас тартты. Өйткені мұнда коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күрт төмендеді.
Табиғат Нұрболат