Израиль үкіметі орман өртімен күресу үшін 6 елден халықаралық көмек сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Иерусалим мен Тель-Авивтің арасындағы өртке байланысты бес елдімекен эвакуацияланған соң, Израиль үкіметі өртпен күресу үшін халықаралық көмек сұрады.
Елдің өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, Эштаоль орманында басталып, таралған өрттің салдарынан Неве-Шалом, Бекоа, Таоз, Нашшон және Месилат-Цион тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген.
Мемлекеттік KAN телеарнасының хабарлауынша, Тель-Авив әкімшілігі алты елден, соның ішінде Грекия, Хорватия, Италия және Оңтүстік Кипрдегі грек әкімшілігінен халықаралық көмек сұраған. Қазір өрт сөндіретін ұшақтардың келуіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
KAN агенттігі 12 өрт сөндіру ұшағы мен 50-ге жуық құтқару және өрт сөндіру тобы жұмылдырылғанын хабарлады. Тілсіз жау қатты желдің әсерінен тез таралып жатыр.
Иерусалим мен Тель-Авив арасындағы кейбір тас жолдардағы көлік қозғалысы уақытша жабылды.
Анадолы агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Израиль полициясының баспасөз хатшысы Дин Эльсдунн өрттің елдің негізгі тас жолдарының біріне дейін жеткенін айтты.
"Полиция мен өрт сөндіру қызметі азаматтарды эвакуациялау жұмыстарын шұғыл жүргізіп жатыр", - деді ол.
Төтенше жағдайға байланысты Израиль Тәуелсіздік күні атап өтілмейтін болды. Батыс Иерусалимдегі Герцль тауында Тәуелсіздік күні алауын жағу рәсімі тоқтатылды.