Иранда Израильдің шабуылдары салдарынан 950 адам қаза тапты. Тағы 5 мың адамға жуық жарақат алды. Бұл туралы Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамының басшысы Пир Хосейн Коливанд хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС-қа сілтеме жасап.
"Сионистік режимнің елімізге жасаған соңғы шабуылы салдарынан 950 отандасымыз қаза тапты. Қаза болғандардың ішінде 102 әйел мен 38 бала бар. Жараланғандардың саны – 5 мыңға жуық, олардың 70%-ы – бейбіт тұрғындар", – деді Пир Хосейн Коливанд.
Елдегі сот билігінің өкілі Асгар Джахангирд шабуыл нәтижесінде 935 адам көз жұмғанын айтқан еді.
Қызыл Жарты Ай қоғамы 377 тұрғын үй қирағанын, тағы 2 160 баспанаға зақым келгенін хабарлады.
Бұған дейін Иран үкіметі Израильдің соққылары кезінде 5 646 ирандықтың жарақат алғанын мәлімдеді.