Хайфа қаласында Ұлы дала философы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай оның есімімен аталатын көшеде ескерткіш тақтайшаның ашылуы өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Израильдегі елшісі Сатыбалды Бұршақов жиналғандарға әл-Фарабидің ұлы мұрасы туралы және оның философия, медицина, құқықтану, психология, космология және басқа да салалардың дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді. Сондай-ақ, С.Бұршақов ескерткіш тақтаның ашылуы екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне тоқталды.
Хайфа қаласы мэрінің орынбасары Лазарь Каплун өз сөзінде әл-Фараби көшесіне орнатылған ескерткіш тақта қаладағы араб және еврей кварталдары түйіскен жерде орналасқанын және мәдениеттер бірлігін білдіретінін атап өтті.
Еврей ойының зерттеушісі, Израиль Ашық университетінің докторы Ури Гершович тыңдаушыларға Тәураттың көрнекті аудармашыларының бірі раввин Моше бен Маймон өз шығармаларында әл-Фарабиді өзінің "рухани ұстазы" деп жиі атайтынын жеткізіп, қазақ және еврей халқының рухани байланысын еске түсірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша Елші С.Бұршақов Хайфа мэрі Эйнат Калиш-Ротеммен кездесіп, экономикалық және мәдени байланыстарды талқылады.
Ынтымақтастықтың қалыптасқан деңгейі және Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымында Хайфаның рөлін ескере отырып, Хайфа мен Қазақстан қалаларының арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісілді.
Іс-шараға қала әкімдігі, дипломатиялық корпус және ғылыми топтардың өкілдері, Хайфада оқитын қазақ студенттері қатысты.
Әл-Фараби көшесі 1960 жылы Хайфаның араб кварталында ашылған. Ол әйгілі Бахай бақтары мен Хайфа өнер мұражайына жақын маңындағы тарихи ауданда орналасқан. Оның ұзындығы 1,5 км құрайды.