Шеберлік сағаты жетекші израильдік клиникалармен орнатылған стратегиялық ынтымақтастық негізінде өткізілуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тамыз айынан бастап елордада ана мен бала денсаулығын қорғау саласында оқу бағдарламасы жүзеге асуда. Осы бағдарлама аясында №3 перинаталды орталықтың базасында елорданың отыз неонатологы өте төмен салмақтағы нәрестелерді күту бойынша біліктіліктерін жетілдіріп жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш салада Израиль тәжірибесінің таңдалғаны кездейсоқтық емес.
"Аталған шеберлік сағатын әлемдегі ең маңызды неонатологтардың бірі – "Шнайдер" Ұлттық балалар медициналық орталығындағы жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Мики Осовски жүргізеді. Бұл бөлім Израильде ғана емес, бүкіл Таяу Шығыстағы ең ауыр және аз салмақты науқастардың жағдайын тұрақтандырумен айналысады. Мұнда тәулік бойы шала туған сәбилерге арналған ең күрделі кардиохирургия, нейрохирургиялық, интервенциялық, онкологиялық және басқа да операциялар жүргізіледі. Бүгінгі таңда "Шнайдер" орталығының мамандары ауыр патологиялармен туылған немесе өте төмен салмақтағы балалардың өліміне жол бермейді", – делінген хабарламада.
Іс-шара барысында неонатолог мамандар нәрестелерде кездесетін түрлі аурулар мен оларды емдеудің жаңа әдістері туралы айтып береді.