10 мамырдан бері Палестинадағы Газа секторынан Израильге 4070-ке жуық зымыран атылды,деп хабарлайды Inbusiness.kz еврей мемлекеті әскерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми дерек бойынша, олардың 610-ы шекарадан өтпей, анклав ішінде құлаған. Снарядтардың 90%-ын елдегі "Темір күмбез" жүйесі қағып түсірген.
Израильдің СІМ басшысы Габи Ашкенази АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен сөйлескен кезде Израильге Газа секторындағы операцияны аяқтау үшін тағы бірнеше күн қажет екенін айтты. Блинкен болса, Вашингтон әскери операциялардың жақын арада тоқтатылуын күтетінін білдірді. Сондай-ақ ол АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Францияның Газаға қатысты бастамаларына тосқауыл қойып отырғанын мәлім етті.
Еске сала кетсек, Израиль мен Палестина арасындағы шиеленіс 10 мамырда басталды. Сол уақыттан бері қос тарап бір-біріне шабуыл жасауда. Соңғы мәлімет бойынша, Израильдің 12 азаматы қаза тапты. Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шабуылдардан ажал құшқан палестиналықтардың саны 250-ден асты.
Табиғат Нұрболат