Израль мақсатына жете алмады: "Хамас" Газадағы соғыста жеңіске жеткен тәрізді

269

Исламшыл қозғалыс 15-айға созылған қанқұйлы соғыстан аман қалып қана қоймай, қатарын мыңдаған адаммен толықтырып үлгерген. 

Израль мақсатына жете алмады: "Хамас" Газадағы соғыста жеңіске жеткен тәрізді Фото: us.politsturm.com

Газаның қираған қалаларында соғыс тоқтап, тыныштық орнаған бойда "хамастықтар" жасырынған жерлерінен дереу шықты.

Бұл әскериленген топ Израильмен 15-айға созылған қанқұйлы соғыстан аман қалып қана қоймай, қазір жермен-жексен болған анклавты бақылауды жалғастырып жатыр. "Хамас" ымыра аясында Газаға ағыла бастаған гуманитарлық көмекті үйлестіру жұмыстарын өзі қадағалайтынын жариялады.

Израильдің айбынды армиясы бар қаһарын төккенімен, басты әскери мақсаты – "Хамасты" жою, оны Газадан аластату мақсатына жете алмады. Бұған қарап, қарулы қақтығыстар қайта бастала ма деген қауіп бар. Бірақ жаңа соғыс та дәл осылай аяқталуы ғажап емес.

"Хамастықтардың" бар екеніне жексенбі күні бүкіл әлем куә болды. Сол күні исламшыл қозғалыстың әскери форма киген, маска таққан, бастарына жасыл лента байлаған жасақтары израильдік үш әйелді Қызыл Крест ұйымына табыстау операциясына басшылық етіп, камералардың алдында жүздеген адамды автомобильдерге жолатпады.

Газаның өзге жерлерінде де "Хамастың" мыңдаған полицейі тас-талқаны шыққан аудандарда тағы да бой көрсетіп, өздерінің әлі де күш екенін айқын ескертіп жатыр.

"Хамастықтар әрдайым қасымызда болды. Бірақ олар Израильдің қудалауынан қауіптеніп форма кимеді. Олар босқындармен шатырларда тұрды, сондықтан бізде ұрлық жасалмады",  дейді Газа тұрғыны Мұхаммед Абед АР агенттігіне берген сұхбатында.

Өзге бір газалықтардың айтуынша, "хамастық" полицейлер соғыстың басынан бері кеңселерін ауруханалар мен басқа да жерлерде ашып, халықтан қылмыстар туралы шағымдарын қабылдаған.

Израиль "хамастықтарды" бейбіт халықтың арасына, госпитальдар мен мектептерге жасырынып, адамдардың көп қырылуына себеп болды деп талай рет айыптады. Исламшыл қозғалыс болса, тағылған кінәні мойындаған емес.  

Тамырын тереңге жайған қозғалыс

Әлеуметтік сауалнамалар нәтижелеріне қарағанда, палестиналықтардың аз бөлігі ғана "Хамасты" қолдайды. Бірақ Израильдің елдігін мойындамайтын әскери-діни қозғалыс Палестина қоғамына тамырын терең жайған. 1980-ші жылдардың соңына таман құрылған "Хамастың" қарулы қанаты, саяси партиясы, ақпарат құралдары мен қайырымдылық қорлары бар.

"Хамас" ондаған жылдар бойы жақсы ұйымдастырылған көтерілісші топ ретінде қызмет етіп, Израиль күштеріне кенеттен шабуыл жасады, еврей мемлекетінің аумағында жанкештілерімен терактілер ұйымдастырды. Лауазымды лидерлері өлтірілгенімен, радикалдық ұйым сол жетекшілердің орнын тез толтырып отырды. Ал 2006 жылы "Хамас" парламенттік сайлауда күмәнсіз жеңіске жетіп, 2007 жылы бір апта шайқасып, Батыс жағалауда орналасқан Палестина әкімшілігінен Газа секторындағы билікті күшпен тартып алды.

Содан кейін "Хамас" министрліктерден тұратын толыққанды үкімет құрып, полиция қызметін жасақтады. Оның қауіпсіздік күштері Газадағы ықпалды әулеттерді жылдам тәртіпке салып, бәсекелес қарулы топтарды тез арада талқандады. Сонымен қатар, "хамастықтар" бөтен ойлыларды жаныштап, кездейсоқ шерулерді аяусыз таратты.  

Тағы бір айта кететін жайт, "Хамас" осыған дейінгі төрт соғыста да (Израильмен) биліктен аластатылмай, Иранның көмегімен мүмкіншіліктерін күшейтіп, ракеталарының ұзақтығын арттырып, Израильдің соққыларынан жасырыну үшін ұзын әрі терең туннельдер салды. Ал 2023 жылы қазанның 7-дегі шабуыл қарсаңында "Хамаста" батальондарға біріктірілген ондаған мың жауынгер болған.

Осы жолғы соғыстың басталуына түрткі болған кенет басқыншылық кезінде "Хамас" Израильдің оңтүстігіне әуеден, құрлықтан, теңізден шабуыл жасап, 1200-дей адамды өлтіріп, 250-ін кепілдікке алып кеткені белгілі.

Өзгеше соғыс

Бұған жауап ретінде Израиль әуе және құрлықтық соғысты бастап, 47 мыңнан астам палестиналықты мерт қылып, тұтас кварталдарлы қирандылар алаңына айналдырып, жергілікті халықтың 90 пайызын үйлерінен босытып жіберді.

Күн сайын Израиль әскерилері ондаған содырды және орта шенді командирлерді жойғанын, туннельдер мен қару-жарақ зауыттарын құртқанын хабарлап отырды.

"Хамастың" басты лидері Яхья Синвар мен оның көмекшілерінің көбі өлтірілді. Дегенмен, қозғалыстың қуғындағы жетекшілері негізінен аман, солардың қатарында Яхьяның інісі Мұхаммед Синвар бар. Ол Газада үлкен рөлге ие болды деген мәлімет тарап отыр.  

Израиль "Хамастың" 17 мың содырын – яғни соғысқа дейінгі сарбаздарының жартысын жойғанын айтады. Бірақ бұған ешқандай дәлел жоқ.

Израиль дәлдеп жасаған соққы деп атаған шабуылдардан көбінесе әйелдер мен балалар, кейбір жағдайларда тұтас отбасылар қырғынға ұшырады. Ал бомбалау операцияларынан бас сауғалап, үйлері құлап, палаткаларда жан сақтағандардың кейбірі кейін "хамастықтардың" қатарын толтырады деген болжам бар.

Осы айдың басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен айтқандай, "Хамас" соғыста қанша жауынгер жоғалтса, қатарынан сонша адаммен толықтырып үлгерген.

"Хамас – хамелеон. Ол жағдайға байланысты өңін өзгерте біледі.  Ал мына соғыс "Хамас" үшін үлкен табыспен аяқталғандай әсерге бөлейді. Оған қатарын толтыруға сұмдық мүмкіндіктер бар. Израиль ештеңе істей алмайды", – дейді палестиналық істер жөніндегі израильдік сарапшы және бұрынғы әскери барлау офицері АР агенттігіне берген сұхбатында.

Альтернатива жоқ

"Хамасты" сынайтын палестиналықтардың сөзінше, Таяу Шығыстағы жанжалды соғыспен тоқтату мүмкін емес.

Бұған өткен ондаған жылдар айғақ. Сонымен қатар, палестиналықтардың айтуынша, олар "Хамаспен" байланысын үзер еді, егер Израильдің ұзақ жылдық оккупациясымен күресетін альтернативтік күш болса.

"Қандайда бір жергілікті альтернатива табылмаса, "Хамас" билікте қалып, туннельдерін қазып, қатарына адам тартуды жалғастыра береді",  дейді Израиль журналистикасының ардагері Ави Иссахарофф Yediot Ahronot газетінде жарияланған мақаласында. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу