ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің Қытайдың ірі JD.com маркетплейсі арқылы отандық өнімді ілгерілету жөніндегі бірлескен әрекеті оң нәтижесін берді. Қазақстанның Ұлттық павильоны платформасында ұсынылған тауарлардың бірінші партиясы рекордтық уақыт ішінде сатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, Павильонның ресми ашылу рәсімі 2023 жылғы 18 мамырда Сиань қаласында Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың қатысуымен өтті.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың ақпараты бойынша, JD.com халықаралық сауда алаңы арқылы экспортты ұлғайту туралы шешім 2022 жылдың соңында қабылданды. Келіссөздер барысында қытайлық Хingxing компаниясы сауда платформасында Қазақстанның ұлттық павильонының инвесторы болып белгіленді және Қытайдағы отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқаратын болды.
"Сәуір айында Xingxing өкілдері қазақстандық өндірушілермен кездесіп, маркетплейсте орналастыруға дайын компаниялар мен өнімдер тізбесін анықтады. Қытайлық сатып алушы үшін пилоттық партия ретінде шай, сусындар, шоколад, шоколад пастасы, драже, карамель кәмпиттері, халва, өсімдік және мақсары майы, ұн және құрғақ сүт сияқты тауарлық позициялар таңдалды. Мамыр айында азық-түліктің сынақ партиясы жөнелтілді", – деді сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Оның айтуынша, ұлттық павильон JD.com электронды алаңында іске қосылған алғашқы сағатта қытайлық сатып алушылардан 10 мыңнан астам тапсырыс түсті. Бұл ретте қолда бар тауарлардың 80%-ы рекордтық уақытта сатылды.
"Қазір маркетплейсте барлық 25 тауар позициясы сатылып кетті. Қазақстанның ұлттық павильонының парақшасына 106 мыңнан астам қолданушы жазылған", – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Әлеуетті сатып алушылардан елімізде шығарылған ұн, шай, құрғақ түйе және бие сүтіне алдын ала тапсырыстар әлі де түсіп жатыр.
Отандық компанияларға қытайлық сатып алушылармен ынтымақтастық орнатуға экспортты мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай операторы "QazTrade" АҚ-ы көмектеседі.