Jibek joly туристік пойызы "Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы" бағыты бойынша алғашқы сапарын сәтті бастады. Осы уақыт аралығында жолаушылар жайлы сапардан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени-тарихи орталығы саналатын Түркістан мен Ташкент қалаларында болады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Туристік пойыздың құрамына бұрын басқа маршруттарда пайдаланылмаған, Қазақстанда өндірілген су жаңа бес заманауи вагон кіреді. Пойыз экипажының құрамында басшы, сегіз тәжірибелі жолсерік және электромеханик бар.
Пойыздың сыртқы көрінісінде мемлекеттік Тудың суреті бейнеленсе, ішкі дизайны қазақы қонақжайлылықтың атмосферасын көрсетеді. Яғни, ұлттық ою-өрнектері бар алтын түстес төсек-орын вагонға ерекше сипат беріп, дәстүрлі стильде безендірілген вагон-ресторан ұлттық және еуропалық тағамдардың түрлі мәзірін ұсынады.
"Біз алғаш рет Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы бағыты бойынша туристік пойызбен саяхатқа шықтық. Сапар аясында бір күн Түркістанда, екі күн Ташкентте боламыз. Бұл туристік пойыз теміржол туризмінің және жалпы еліміздің туристік әлеуетінің қаншалықты қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді", – деп атап өтті жолаушы.