"Jibek Joly" туристік пойызы Ұлы Жібек жолы бойымен сапарға шықты

83

2026 жылғы 20-25 наурыз аралығында "Jibek Joly" халықаралық туристік пойызы Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қамтыған мәдени-танымдық бағыт бойынша жолға шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Jibek Joly" туристік пойызы Ұлы Жібек жолы бойымен сапарға шықты Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Жобаның жаңа кезеңінде бағыт алғаш рет Душанбе қаласына дейін ұзартылды.

Маршрут Ұлы Жібек жолының бойындағы Алматы – Түркістан – Самарқанд – Душанбе – Ташкент – Алматы секілді тарихи қалаларды қамтыды. Осы арқылы көне өркениет ошақтары мен заманауи мегаполистер біртұтас бағытта тоғысты. Турға 400-ден астам турист қатысты.

Тур пакетіне пойызбен жол жүру, кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен экскурсиялар, туристік нысандарға кіру билеттері және туроператорлар ұйымдастырған трансфер қызметтері енгізілді.

Жобаның мазмұндық құндылығы оның Наурыз мерекесі және қасиетті Рамазан айының аяқталу кезеңімен тұспа-тұс келуі арқылы арта түсті. Бұл кезең – жаңару мен рухани тазарудың, сондай-ақ халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың айқын көрінісі.

Туристтер аймақ халықтарының дәстүрлерімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен, музыкасы мен тұрмыс-тіршілігімен, сондай-ақ тарихи мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, "Jibek Joly" туристік пойызы 2024 жылы алғаш рет іске қосылып, Қазақстан мен Өзбекстан арасында 10 туристік рейс жүзеге асырылды. Бағытқа деген жоғары сұранысқа байланысты "Keruen Express" туристік пойызы да қатар жолға қойылды. Жалпы, жоба басталғалы бері шамамен 3000 турист тасымалданды.

Сонымен қатар, "Jibek Joly" туристік пойызы Kazakhstan International Tourism Fair (KITF) халықаралық көрмесінде ТМД кеңістігіндегі алғашқы халықаралық туристік пойыз ретінде сәтті жүзеге асырылғаны үшін "Үздік туристік өнім" номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

Жобаны "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ "Өзбекстан темір жолдары", "Тәжікстан темір жолдары" және "Қазақстан туризм индустриясы" қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Аталған туристік пойыздың іске қосылуы теміржол туризмінің дамуына жаңа серпін беріп, өңір елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ, Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға ықпал етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу