Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының сорғысында өрт шығып,төтенше жағдай жарияланды

784

Шығын көлемі 270 млн теңгені құрады. 

Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының сорғысында өрт шығып,төтенше жағдай жарияланды Фото: Ольга Бугаева

Екібастұз қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан №2 сорғы станциясы отқа оранды. Соның салдарынан №2,3,4 және 5 сорғы станциялары істен шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына қарасты станциядағы қызыл жалын 150 метр аумақты шарпыды. Темір бетонды ғимараттағы бақылау-тарату құрылғылары, ағаш есіктер, қабырғалардың қаптамасы жанып кетті. Сондай-ақ, желілердің 100 метрлік оқшаулағыш қабаты өртенді.

Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт салдарынан бірнеше агрегат пен төрт бірдей сорғы станциясы істен шықты. Автоматика қорғанысы, басқару панелі, синхронды қозғалтқыштың жұмысы бұзылды.

 Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өрттің шығуына электр желілерінің қысқы тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Материалдық шығын көлемі 270 млн теңгені құрады. Жүйенің жұмысын 10 күн аралығында қайта ретке келтіру жоспарланып отыр.

Аталмыш мәселе Екібастұз қаласы әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, су қоймасында 17 млн текше метр тіршілік нәрі бар. Ал қала тұрғындары айына 1,7 млн текше метр су тұтынады. Яғни, өңірде су тапшылығы туындамауға тиіс. Десе де, арнайы комиссия өртке байланысты жергілікті аумақтағы төтенше жағдай жариялады.

Ендігі ретте қалалық әкімдік ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сорғыларды жөндеуге қаражат бөлу туралы өтініш хат жолдайды. Бюджеттен тиісті көлемдегі қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілген соң Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының жұмысы қайта қалпына келеді.  

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу