Қасым-Жомарт Тоқаев CCTV телеарнасына берген сұхбатында кейбір азаматтардың Орталық Азия елдері мен Қытайдың жақындасуы туралы алаңдаушылығына түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Бұл туралы ешқандай күдік болмауы керек, өйткені, біздің ниетіміз ашық, шынайы. Қытай өз экономикасының көлемі бойынша әлемде екінші орында тұр, сондықтан біз Қытайдың рөлін мойындауымыз керек", - деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай Экономикалық ынтымақтастық саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізгенін, бірақ одан әрі жылжу қажет екенін атап өтті.
"Сондықтан мен Қытай өркениетінің "бесігі" саналатын Сиань қаласына алдағы сапарыма үмітпен қараймын. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер қажет деп санаймын. Біз осы күрделі әлемде экономикалық байланыстарымызды ілгерілетуге күш салуымыз керек. Мен екі елдің жастары арасындағы ынтымақтастық пен достық байланыстарды дамытуға берік міндеттімін. Жас ұрпақ бір-бірін жақсырақ білуі керек",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.