Қ.Тоқаев: Санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет

691

Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық елдің экономикасына қысым жасайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Қ.Тоқаев: Санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет Фото: akorda.kz

"Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осыған орай Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді. Қазан айында одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрады. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі", - деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл азаматтардың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді.

"Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев преференциялық келісімдер жасалған серіктестермен өзара іс-әрекеттің сапасын арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті. 

"Бұл жерде Вьетнам, Сербия және Иран туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қатысты жұмысты жеделдеткен жөн. Бұл жөнінде бірнеше рет айттым. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл "еуразиялық бестіктің" мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды", - деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу