Ауғанстан астанасы Кабул қаласының батыс бөлігінде бірнеше жарылыс болып, салдарынан 25 адам қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz жергілікті Aamaj News агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми дерек бойынша, Абдул Рахим мектебінің жанында болған жарылыстан қаза болғандар мен зардап шеккендер көп. Сондай-ақ "Мумтаз" мектебінің жанында тағы біреуі тіркелді.
Оқиға орнындағы журналистердің айтуынша, "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) БАҚ өкілдеріне оқиға орнынан ақпарат таратуға кедергі келтіріп отыр. Тәліптер Aamaj News тілшілерінен бірнеше камера мен басқа да жабдықтарды тартып алған.
Бұған дейін Кабулдың батыс бөлігіндегі екі білім беру мекемесінің аумағында бірқатар жарылыс болғаны белгілі болды. Оның себебі әлі анықталған жоқ. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға орнын тәліптер қоршап алды.
Табиғат Нұрболат