Кабулдағы терактіден зардап шеккен екі отандасымыз бүгін елге оралуы мүмкін. Бұл туралы мәліметті еліміздің Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов растады, деп хабарлайды 24.kz.
Олар елге қайтуды бүгін және Turkish Airlines әуе компаниясымен жоспарлаған. Бірақ рейстің нақты қашан орындалатыны әзірге белгісіз дейді ресми өкіл.
Айта кетейік, Ауғанстандағы қанды қырғынды Ирак пен Левант лаңкестік тобы мойнына алды. Олар президент сарайы мен елшіліктер жанында тұрған автоцистернаға жарылғыш зат орнатыпты. Соңғы мәлімет бойынша, 90 адам ажал құшып, 380-і жараланған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, лаңкестер шамамен бір жарым тонна жарылғыш қолданған. Соның салдарынан бірқатар мемлекет елшілігіне зақым келді. Ауғанстан Президенті терактіні айыптап, күштік құрылым өкілдеріне тергеу ісін тиянақты жүргізуді тапсырды.