"Қадалған жерден қан алмай қоймаймын": әкім мердігерлердің мазасын кетіретінін ескертті

Павлодар облысының әкімі шыбын-шіркеймен күреске қазірден дайындалуды талап етті.   

"Қадалған жерден қан алмай қоймаймын": әкім мердігерлердің мазасын кетіретінін ескертті Фото: pavon.kz

Жыл сайын көктем туып, жайдары жаз келген Павлодар облысының жұртшылығы шыбын-шіркеймен әлек болады. Бұған дейін қансорғыштармен күрес жүйелі түрде жүргізілгенімен, кейбір аудандарда айтарлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Сондықтан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дезинсекциялық жұмыстарға дайындықты қазірден-ақ бастау керек екенін қадап айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өңірде шыбын-шіркеймен күреске жауапты облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева өткен жылы масаға қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар Ақтоғай, Тереңкөл аудандарында және Ақсу қаласында тиісті нәтиже бермегенін атап өтті. Осы аудандардағы жайылмалық ландшафттың ерекшеліктеріне байланысты су басқан жайылмада маса жаппай таралады.

Биыл мұндай жағдайды болдырмау үшін облыстың әр ауданы бойынша негізгі іс-шаралар айқындалып, арнайы Жол картасы әзірленді. Проблемалық аудандарда облыс орталығындағыдай әдістерді қолдану туралы шешім қабылданды. Барлығы 33,5 мың гектар жайылманы қамту үшін авиааумақтар картасы айқындалды. Яғни, биологиялық өнім әуеден шашылатын болады. Одан бөлек, аумақтар химиялық препаратпен өңделеді.

Аққулы ауданының Бесқарағай ауылының оңтүстік шеткі нүктесінен Тереңкөл ауданының Жаңабет ауылына дейінгі аумақта масалар мен шіркейлердің дернәсілдеріне қарсы өзен өңдеу жұмыстары өтеді. Өзеннің бүкіл ұзындығы бойынша 100 шақырым аралықпен 8 нүкте қарастырылған. Сондай-ақ, өзен өңдеу Ертіс өзенінің арналарында жүргізілетін болады.

Масамен күрестегі маңызды сәттердің бірі - Ертістің табиғатты қорғау су жіберулерін өткізу мерзімі. Биыл Шығыс Қазақстан облысында да, Павлодар облысында да көктемнің ерте келуі күтілуде. Сондықтан мамандар су босатуды сәуір айында бастау ұтымды деп санайды. Осыған байланысты, ведомствоаралық комиссияға Павлодар облысы үшін рұқсат берудің оңтайлы параметрлерін қарау туралы бірқатар ұсыныс жолданды.

Бұл ретте аймақтың басшысы Асайын Байханов өткеннен сабақ алып, биылғы шыбын-шіркеймен күреске сақадай сай болу қажет екенін айтты.

"Ащы тәжірибе: егер билік алдын-ала, тіпті, көктемге дейін дезинсекцияға дайындық жұмыстарын жасамаса, онда павлодарлықтарды жаз бойы шіркейлер мен масалар шағып, зардабын тартады. Негізі, өңдеу жоспары дайын, бюджет ұлғайтылды, өткен жылы жіберілген қателіктер ескерілді, авиация тартылды.
Ертістегі су қоймаларынан су жіберілуіне қарамастан, сәуір айының екінші онкүндігінен саяжай учаскелерінде және Павлодардың көпқабатты үйлерінің жертөлелерінде жиналатын суларды өңдеуді бастауды тапсырдым. Облыстық басқармалардың басшыларына, ғылыми топқа және мердігерлерге егер олар осы маусымда облыс тұрғындарын сәтсіздікке ұшыратса, мен өзім олардың мазаларын кетіремін деп ескерттім", - деп жазды жеке парақшасында әкім.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу