Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен "Жасыл даму" АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға арналған 30 инвестициялық жобаны қаржыландырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мақсатқа шамамен 116 млрд теңге бағытталды.
Министрліктің мәліметінше, ведомство жанындағы Инвестициялық штаб жалпы құны 376,8 млрд теңгені құрайтын 68 жобаны мақұлдаған. Оның ішінде 30 жоба қаржыландырылып отыр.
Қаржыландырылған жобалардың аясында жылына 640 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын бес кешен салу, жылдық қуаты 430 мың тонна болатын 16 қайта өңдеу өндірісін дамыту және 128 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарланған.
Қазіргі уақытта 12 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 122 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылына 140 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер пайдалануға берілді. Сондай-ақ жылдық қуаты 18,3 мың тонна болатын қайта өңдеу өндірістері жұмысын бастады.
Ең көп қаржы Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобаларға бөлінген. Бұдан бөлек, Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында және басқа өңірлерде де жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Жобалар макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, пайдаланылған автокөлік шиналарын, тағам қалдықтарын және басқа да қалдық түрлерін қайта өңдеуді, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуды және арнайы техника паркін жаңартуды қамтиды.
Министрлік мәліметінше, жаңа жобаларды іріктеу мен келісу жұмыстары жалғасып жатыр. Экологиялық кодекске сәйкес кәдеге жарату төлемдерінен жиналған қаражат қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, қайта өңдеу көлемін арттыруға, қалдықтарды көму үлесін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға бағытталады.