KADEХ-2018 халықаралық көрмесінде ақпараттық стенд құлаған кезде жарақат алған ер адам ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.
Зардап шеккен азаматқа көрмеде кезекшілікте болған жедел жәрдем бригадасы дер кезінде медициналық көмек берген. Кейін зардап шегуші ауруханаға жатқызылды. Ауруханаға апара жатқанда есін білетін, жағдайы бір қалыпты болды. Алайда медициналық мекемеде хәлі күрт нашарлап, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмаған.
Құлаған жарнама конструкциясын "Астана Экспо КС" ЖШС компаниясы жалдаған мердігер орнатыпты. Қазір құзыретті мемлекеттік органдар қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
"Қаза тапқан ер адамның отбасына қажетті жәрдем көрсетіледі. Министрлік марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады", - дейді министрліктен.