Астанадағы Нұржол бульварында ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған кәдесый өнімдерін сатылатын дүңгіршек ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда ЭКСПО-2017 белгісі басылған магниттер, спорттық киімдер, ұлттық бас киімдер, сөмке, қағаз-қалам секілді көпшілік тұтынатын тауарлардың 200-ден астам түрі сатылады.
"2016 жылдың тамыз айында ресми лицензиаттарды іріктеу бойынша конкурс басталды. Бүгінге дейін 80-ге жуық өтінімдер қаралып, 26 компания таңдап алынды. Олар ЭКСПО-2017 кәдесыйлық және имидждік өнімдерінің 200-ден астам түрін өндіреді", - деді "Астана ЭКСПО-2017" ҰК коммерциялау департаментінің бас менеджері Платон Калиниченко.
Сондай-ақ, ұлттық компания өкілі лицензиялау бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттік қаражат жұмсалмағанын ерекше атап өтті.
"Лицензиялау бағдарламасына бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ. Барлық тауарлардың өндірісі кәсіпкерлердің өз қаржысы есебінен жүзеге асқан. Менің ойымша, бұл бизнес үшін де, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін де ыңғайлы платформа", - деді П.Калиниченко.
Аталған дүңгіршектер әзірге Алматы қаласындағы әуежай ғимаратында, Астана қаласындағы Нұржол бульварында және Керуен сауда орталығында жұмыс істеп тұр. Жақын күндері Астана әуежайының жаңа терминалында, жаңа темір жол вокзалының ғимаратында және Есілдің жағалауында жаңа нүктелер ашу жоспарланған. Сөреге орналастырылған барлық өнімдердің дизайны ұлттық компаниямен келісіледі.