KADEX-те көз жұмған адамның ұлы министрдің сөзін жоққа шығарды

694

KADEX-те көз жұмған адамның ұлы министрдің сөзін жоққа шығарды

Астанада "Кадекс" көрмесінде көз жұмған зейнеткердің ұлы Атамқұловтың өтірігін әшкереледі, деп хабарлайды КТК.

Марқұмның ұлы Бақытжан Зайнуллиннің айтуынша, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қоғамда беделі бар абыройлы әкесіне негізсіз  жала жапқан.

Марқұмның көрмені немересімен бірге тамашалап жүрген сәттері телефонында сақталып қалыпты. Көрмеде түсірілген суреттерде "Кадекс" бейджигі екеуінің де мойнында тұр. Ұлының айтуынша, оны өзі алып берген. Сондықтан, министрдің сөзі қып-қызыл жала  дейді.

"Кінәлі деп айтуы, бұл өтірік. Ешқашан ешкімді алдамаған адамды өтірік құжатпен тығылып кірді деуі  менің әкемді қаралау ғой. Ел алдына, бүкіл камералардың алдына шығып кешірім сұрауы керек", - дейді Бақытжан Зайнуллин.

Ал "Кадекстің" ұйымдастырулына жауапты қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов бұл жайтқа қатысты қария көрмеге заңсыз кіріп кеткен деген болатын. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні әскери қару-жарақты сала мамандары ғана тамашалауға тиіс болған. 

"Марқұмның өзі кінәлі. Ол жалған құжатпен көрмеге жасырын кірген. Орталық есіктен өтпеген. Қазір тергеу жүріп жатыр. Сондықтан қайғылы оқиғаның қалай болғанын бүге-шігесіне дейін айта алмаймын", - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Халықаралық көрмені билбордтармен көркемдеген жеке компания екен. Олар табиғаттың тосын мінезін ескермей, қауіпсіздік шараларын жеткілікті сақтамаған. 

"Қауіпсіздік шараларына сай келмейтін қызмет көрсету бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Басқа да ақпарат жариялауға жатпайды", - дейді Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы София Қылышбекова.

66 жастағы Бақытжан Зайнуллин екі жылда бір өтетін қару-жарақ көрмесін ылғи жібермей көреді екен. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған жан күн сайын он шақырым жаяу жүріп, денсаулығына мұқият қарапты. Осындай асқар таудан айырылып, қайғы жұтып отырғанда, министрдің мәлімдемесі тағдырдың екінші қайтара сынағындай болды дейді ұлы. Енді ол министрді жариялы түрде кешірім сұратып, болмаса, сотқа шағымдануға бекініп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу