Қадір түні – Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болатын қасиетті түн. Бұл түн туралы Құран Кәрімде "Қадір" сүресі бар. Мұсылман қауымы Рамазан айының соңғы он түнін барынша құлшылықпен өткізуге тырысады.
Қасиетті түннің ерекшелігі неде?
"Қадір" сүресінің бірінші аятында қасиетті түні Құран түсірілгені жайлы айтылған. Бұл түн – ұлық түні әрі мүбарак кеші. Қадір түні жасалған құлшылықтар пен амалдар Қадір түні болмаған мың айда жасалған құлшылықтарға қарағанда әлдеқайда артық. Қасиетті түнде періштелердің бәрі жер бетіне түседі. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде бұл түні күн шыққанға дейін шайтандар болмайтынын айтқан. Қасиетті түні күнәжасалар кешіріліп, бір жылдық тағдыр жазылады. Бұл жақсылықтың еселеніп, сауапты амалдардың көбейетін түні.
Мың айдан да қайырлы Қадір түні не істеу керек?
- Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқу.
- Қасиетті Құран Кәрімді оқу, оны тыңдау.
- Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.
- Діни білім арттыру, уағыз-насихат тыңдау.
- Қадір түні туралы мағлұматтармен танысу.
- Тәубе мен истиғфар жасау.
- Зікір ету.
- Барынша көп дұға жасау.
Қасиетті түнде не оқылады?
Құптан намазында 20 рәкағат тарауық намазы, таң атқанға дейін төрт рәкағат нәпіл намазы оқылады.
4 рәкағат намазына ниет ету: "Я Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін".
Бұл намаздың оқылу тәртібі:
- Бірінші рәкағат "Фатиха" сүресі, бұдан кейін 3 рет "Қадыр" сүресі;
- Екінші рәкағат "Фатиха" сүресінен кейін 3 рет "Ықылас" сүресі;
- Үшінші, төртінші рәкағаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек.
Бұдан бөлек "Таһажуд", "Қажет" намаздарын намаздарын оқуға болады.
Материал ҚМДБ деректеріне сүйене отырып жазылды.