Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов білім саласындағы мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы ұстаздардың құқығын қорғау бойынша бүгін өте маңызды тапсырма берді. Жалпы мен Үкіметте жұмыс істегенде де, кез келген уақытта Мемлекет басшысының қабылдауына барғанда Президенттің ең алғашқы сұрағы ұстаздарды қорғау және қолдау мәселесі туралы болатын. Көріп отырғанымыздай, 7 жылдың ішінде білім саласында ұстаздарға қатысты оң өзгерістер қабылданды", – деді Құрылтай депутаты.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта қағазбастылық мәселесі көбейді. Депутат түрлі ақпараттық жүйелердің пайда болуына да жеке тоқталып өтті.
"Тіпті түрлі ақпараттық жүйелер пайда болып жатыр. Оны интеграциялау арқылы (деректерді) басқа мемлекеттік органдардан жинаудың орнына, әлеуметтік педагогтерге, сынып жетекшілеріне, мұғалімдерге тапсырма беріп, ата-аналарды шақыртып, тіпті жеке деректерін жинап жатыр. Әрине, ұстаздар сабақ бере ме әлде ата-аналардың жеке деректерін аламын деп сөз ести ме? Сондықтан Құрылтай депутаттарының бастамасымен дайындалған заң жобасының ішінде бұл мәселе міндетті түрде қамтылады", – деді Асхат Аймағамбетов Құрылтай кулуарында.
Айтуынша, салада түйткілді мәселелер де жоқ емес.
"Түнгі сағат екіде жазып, "неге менің балама баға қойған жоқсыз?" дейтін мәселе де бар. WhatsApp чаттың, әлеуметтік желіге Reels салу проблемасы бар. Осының барлығын шешу бұл да өте маңызды бастама. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету, оларды қорғау және қолдау үшін қажет", – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Президент Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесіне тоқталған болатын.