"Қағазбастылық, WhatsApp чаттар": Депутат мұғалімнің жұмысына кедергі келтіретін мәселелерді атады

139

Бұл ұстаздың оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр.

"Қағазбастылық, WhatsApp чаттар": Депутат мұғалімнің жұмысына кедергі келтіретін мәселелерді атады Фото: ortcom_kz

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов білім беру саласындағы жүйелі мәселелерді көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат қазіргі мектеп жүйесі барлық балаға сапалы білім беруде қиындыққа тап болғанын, оған бірнеше себеп әсер еткенін жеткізді. 

"Біріншіден, шамадан тыс жүктеме, қағазбастылық, инфрақұрылымның теңсіздігі, сондай-ақ WhatsApp-тағы чаттар пен тапсырмалардың көптігі ұстаздың уақытын алып, оқушымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық та айқын: бір аймақта жаңа мектептер салынса, басқа өңірлерде интернет пен техника жетіспейді.

Екіншіден, білімдегі олқылықтарды толтыру үшін ата-аналар балаларын репетиторға беруге мәжбүр. Қазір репетиторлыққа сұраныс шамамен 25 пайызға өскен. Репетитор  сән емес, қажеттілікке айналды. Бірақ оған барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Осылайша білім теңсіздігі күшейіп, әлеуметтік әділетсіздік тереңдеп келеді", – деді Мархабат Жайымбетов.

Мәжілісмен білім сапасы тікелей ұстазға байланысты екенін айтады. 

"Қазіргі уақытта қағазбастылықты жоямыз деп барлық қызметті цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның ішінде педагогтердің аттестациясы мен жұмысқа қабылдау рәсімдері де бар. Бұл, әрине, тиімді көрінуі мүмкін, алайда электронды форматта өткізілгенімен, көбіне сканерленген құжаттармен шектеледі. Ал мұндай құжаттардың шынайылығы - бөлек мәселе. Осы орайда, аталған екі рәсімде де адамның жеке тұлғалық қасиеттері мен маман ретіндегі шынайы құзыреттілігін толық бағалау қиын. Сондықтан балаға білім мен тәрбие беру негізгі мақсат екенін ескере отырып, бұл рәсімдерге "әңгімелесу" немесе "сабақ беру" кезеңін қосу орынды", – деп атап өтті депутат.

Депутат бірқатар ұсыныс тастады: 
1. Мұғалімдердің кәсіби дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеру және біліктілік арттыру орталықтарына нәтиже үшін жауапкершілік тетігін бекіту.
2. Аттестация мен жұмысқа қабылдау рәсімін қайта қарап, мұғалімнің практикалық шеберлігін бағалайтын кезең енгізу.
3. Білім сапасын бағалауда кешенді және әділ көрсеткіштер жүйесін енгізу. Сондай-ақ, білім сапасын тәуелсіз бағалайтын ұлттық зерттеу институтын құру.  
4. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған нақты индикаторлар мен қаржылық тетіктерді бекіту.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу