Қай өңір домбыраны көп сатып алған?

1150

Домбыраны бағалайтындар Маңғыстау және Алматы облыстарында тұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Қай өңір домбыраны көп сатып алған?

2020 жылы Ұлттық статистика бюросы ішінара зерттеу жүргізген. Нәтижесінде сұраққа жауап бергендердің 100%-ының үйінде плита, теледидар сынды техника болған.

Сондай-ақ үй шаруашылықтарының 99,8%-ы тоңазытқышпен, 99,1%-ы ұялы телефонмен, 96,3%-ы кір жуғыш машинасымен, 94,3%-ы кілем және төсенішпен, 94,3%-ы ас үй жиһазымен, 93,2%-ы шаңсорғышпен, 90%-ы жұмсақ жиһазбен қамтамасыз етілген.

Халықтың тұрғылықты жеріне байланысты тауарлар да әртүрлі. Мысалы, қаладағы үйлердің жұмсақ жиһазбен қамтамасыз етілу деңгейі – 92,5%, ауылдарда – 85,5%. 

Қала тұрғындары ауылдықтармен салыстырғанда пернелі музыкалық аспаптарды (3,6 есе жиі кездеседі, сауалға жауап берген үй шаруашылықтарының 1,8%-ында аталған музыкалық аспаптар болған, ауылдардағы көрсеткіш – 0,5% ғана), үй кинотеатрын (2,7 есе), камера мен бейнекамераны (қалаларда 2,5 есе, ауылдарда 2,3 есе) жиі пайдаланған. 

Ауылдағы үйлерде спутник антеннасы (5,3 есе жиі кездеседі: ауылдарда 63,8%, қалаларда 12,1% аталған құрылғымен қамтамасыз етілген), жүк көлігі (3,3 есе), тұрмыста және бау-бақшаға қажет құрал (2,9 есе), мотоцикл (2,8 есе), велосипед (2,6 есе) және домбыра (2 есе) жиі кездеседі. 

Еліміз бойынша 2020 жылы сауалға жауап берген үй шаруашылықтарының 9,6%-ында домбыра болған (өткен жылғы көрсеткіш – 7,9%).

"Домбыра индексі" ауылдарда – 14,2% (өткен жылғы көрсеткіш – 11,7%), қалаларда – 7% (өткен жылғы көрсеткіш – 5,8%). 

Сауалнамаға жауап бергендердің 3,5%-дан (Қостанай облысында) 22,1%-ға (Маңғыстау облысында) дейін үйінде домбыра барын айтқан.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу