"СҚ-Фармация" баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмек сатып алу жөніндегі мәліметіне қарағанда, І жартыжылдықта амбулаториялық пациенттерді тегін қамтамасыз ету үшін ең көп медициналық препараттар Алматы қаласының емханаларына келіп түскен. Ол жаққа шамамен 7,8 млрд теңге сомаға дәрі-дәрмек жөнелтілген. Ал пациенттер қазірдің өзінде 5,3 млрд теңге сомаға тегін дәрі-дәрмек алған. Жыл соңына дейін мегаполиске медициналық ұйымдардың өтінімдері бойынша 12,3 млрд теңгеге медициналық өнім түседі.
Көлемі бойынша екінші тегін дәрі-дәрмек алған ШҚО: 9,8 млрд теңгеге тапсырыс берілген жылдық көлемнен 5,7 млрд теңгеге дәрілік заттар алынды. Осы өңірдегі емделушілер қазіргі таңда 5,3 млрд теңгеге тегін рецепт бойынша дәрі-дәрмек алды.
Елордалық медициналық ұйымдарға І жартыжылдықта 6,2 млрд теңгелік жалпы жылдық өтінімнен 5,6 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмек келіп түсті. Оның ішінде 1 шілдеге дейін Нұр-Сұлтанның амбулаторлық емделушілеріне 3,2 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек берілді.
5 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер – Қарағанды облысына, 4,4 млрд теңгеге – Түркістан қаласына және 4,1 млрд теңгеге – Алматы облысына жөнелтілді. Қостанай облысы диспансерлік есепте тұрған амбулаториялық емделушілер үшін – 2,9 млрд теңге, Жамбыл – 2,8 млрд теңге, Атырау – 2,7 млрд теңге және Қызылорда – 2,6 млрд теңге сомаға дәрі-дәрмек алды. БҚО және Шымкент қаласына дәрі-дәрмектер 2,5 млрд теңге, СҚО – 2,4 млрд теңге, Ақмола облысына – 2,3 млрд теңге, Ақтөбе облысына – 2,1 млрд теңге, Павлодар облысына – 1,8 млрд теңге және Маңғыстау облысына 1,3 млрд теңге сомаға түсті.