Іскер әйелдер кеңесі төрайымының айтуынша бүгінгі күні қазақстандық әйелдер мемлекет ЖІӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. Қазақстандағы жеке кәсіпкерлердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлғалардың 26%-ы, шаруа қожалықтарының 19%-ын қыз-келіншектер басқарады. Бұл туралы atameken.kz хабарлайды.
"Жалпы статистикаға сүйенсек, әйелдердің 40%-ы ауылдық жерде тұрады. Оларға барлығы да жеткілікті деп ойлаймыз, алайда олай емес. Қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке баулығымыз келеді. Әйел азаматтары өзіне қажетті ақпаратты тез түсінеді. Бір жыл болды Атамекен "Бастау Бизнесті" ауылға әкелді, көп жандар жобаларын қорғап, кәсібін ашты.", – дейді Ләззат Рамазанова.
Елімізде кәсіпкерлікке бағытталған несиені екінші деңгейлі банктерден бастап, шағын несие институттарынан алуға болады. Солардың бірі – KMF шағын несие ұйымы. Бұл ұйымның мәліметінше Алматы, Жамбыл және ОҚО-да кәсіпкер әйелдер несиеге өтінімді көп берген. Осы үш облыста 86 мыңнан астам кәсіпкер әйел болса, олардың 60%-ы шағын несие алған.
KMF сарапшыларының айтуынша ер азаматтарға қарағанда әйелдер аз сомаға өтінім беріп, оның орнымен жұмсай алады. Атап айтқанда орта есеппен алғанда әйелдер 700 мың теңгеге жуық қаржы сұраса, ерлерде бұл сома жүз мыңға артық. Бұл әйелдердің сақтығын анық байқатады.
Кәсіпкерлікті дамыту қорының мәліметіне сүйенсек, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасын қолданғандардың 1/3 – әйелдер. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 3432 жобаға субсидия берілсе, оның 2621 жобасы әйелдер басқарады. Сонымен қатар өтінім арасында халық тұтынатын тауарларды сатуға арналған кәсіпке және ірі қараны өсіруге берілгенінің саны басым. Сонымен қатар кепілдендіру бойынша 56 163 млн теңге сомасында 3662 кепілдік берілсе, 1271 жоба іскер әйелдерге тиесілі. Кепілдікті пайдаланғандардың 34,7%-ы қыз-келіншектердің үлесінде.