Осы айдан бастап бірқатар жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы мен жалақы көлемі өзгерді. Басымдық әрине, жылдағыдай мемлекеттік қызметкерлерге берілген, деп хабарлайды Atameken Business.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер хабарлағандай, қаңтардың бірінен бастап мұғалімдер жалақыны 25%-ға, мәдениет саласының қызметкерлері 35-50%-ға, әлеуметтік саладағылар 30-60%-ға көбірек алады. Сондай-ақ, биылдан бастап мұғалімдердің деңгейіне қарай сараланған төлем енгізіледі.
Мысалы, қазір ең төменгі жалақы жас мұғалімдерде – 70 мың теңге. Осы айда 25 процент қосылса, шамамен 87 мың теңге айлық алатын болады. Одан ұсталатын алымдардың барын да ескеру керек. Оған қоса қосылған ақшаны инфляция "жеп" қоймай ма деген заңды сауал туындайды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл сұраққа "жоқ" деп жауап берген еді. Мамандар қалай ойлайды екен?