Биылдан бастап патогендігі І және ІІ топтардағы биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін ветеринарларға 35 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленетін болады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Оның сөзінше, елімізде ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жалғасып жатыр.
"Орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктерді ажыратуға, ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесі мен нормативтік жүктемесін айқындауға, жалақыны, қосымша ақылар мен үстеме ақыларды ұлғайтуға, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге бағытталған ветеринария мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер пакеті әзірленді. Бүгінде бұл заң жобасы Үкіметтің қарауында. Өткен жылы ветеринария мамандарының жалақысы республика бойынша орта есеппен 50,3 пайызға өсті. Осы жылдан бастап заңнама шеңберінде патогендігі І және ІІ топтардағы биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін 35 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша төлемдер мен екі лауазымдық айлық ақы мөлшерінде сауықтыру үшін жәрдемақы төленетін болады", - деді Әбілхайыр Тамабек.