Қайран ақша әлде қолайлы жағдай: шенеуніктер 55 млн теңгені қайда жұмсамақ?

Павлодарда қоғамдық дәретханалар тапшы. 

Қайран ақша әлде қолайлы жағдай: шенеуніктер 55 млн теңгені қайда жұмсамақ? Фото: pavon.kz

Облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтарының қоғамдық дәретханалар санын көбейтуді сұрап жүргелі бірнеше жылдың жүзі болды. Оның қажеттілігі көпшілік орындар мен жұрт жиі жиналатын шаралар кезінде анық байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ертістің жағасында құрылған сахнада, Орталық жағалауда күн жылына сала көптеген шаралар, концерттер ұйымдастырылады. Таяуда тұрғындар Ұлыстың ұлы күнін де осы аумақта кеңінен атап өтті. Бір әттеген-айы – осындай көпшілік орындарда дәретхана аз. Автобус аялдамаларының маңында тіпті жоқ. Бұған налыған жұрт наразылығын әлеуметтік желі арқылы жиі білдіріп жатады. Осы жолы да Наурыз мейрамынан соң осы іспетті шағымдар көзге жиі шалынды.

Бұл жайт қарапайым тұрғындарды ғана емес, қоғам белсенділерін де толғандырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Қағандық" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы облыс басшылығының қатысуымен өткен жиындардың бірінде осы мәселені көтеріп еді.

"Жаһандану заманында, ХХІ ғасырда ресми басқосуда дәретхана мәселесін талқыға салудың өзі ұят. Алайда, айтпасқа тағы болмайды. Бұл бір атүсті мәселе болып көрінгенімен, қоғамның сұранысына кеп тіреліп отыр. Адам көп шоғырланатын орындарға биодәретханалардың болмауы қала тұрғындары мен қонақтарымен қатар, автобус жүргізушілері, кондуктор, көшедегі тәртіпті бақылайтын сарбаздарға қолайсыздық тудырып отыр. Оларды әлеуметтік мекемелер мен кейбір жекеменшік нысандар кіргізбейді. Кейбірінде дәретхана болғанның өзінде ақылы. Сондықтан бұл жайтқа назар аударған жөн", - деген еді сол тұста ол.

Қоғам белсендісі мен көпшіліктің ұсынысы ескеріліп, былтыр облыс орталығында үш модульді дәретхана қойылды. Оның әрқайсысының бағасы – 4,2 млн теңге. Сөйтіп, даладағы қоғамдық дәретханалардың саны әрең дегенде алтауға жетті. Бірақ мұның өзі аздық етіп отырғанға ұқсайды.

"Биыл қаладағы саябақтар мен скверлерде 31 модульдік стационарлық дәретхана орнату жоспарда бар. Оның 18-інде төрт, қалған үшеуінде бес есік болады. Одан бөлек, қоғамдық көліктердің соңғы аялдамалары үшін стационарлық және кірпіштен жасалған 10 дәретхана қойылады", - деп хабарлады Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Темірғалиева.

Жалпы, жергілікті билік дәретханалар сатып алу мен орнатуға 55 млн теңгеден астам қаржы жұмсауға дайын. Мұндай қомақты соманың бөлінуі кейбір тұрғындар тарапынан түсініспеушілік тудырғаны да рас. Кейбір павлодарлықтар оны орынсыз деп есептейді. Енді бірі қажетті әрі қолайлы жағдайдың жасаларына қуанышын жасыра алмады.

Ал бұл уақытта қоғамдық дәретханалардың болмауы салдарынан орын алатын ұсақ құқық бұзушылықтар сейілмей тұр. Айталық, осыдан екі күн бұрын қаланың іргесіндегі Ленин кентіндегі Малайсары көшесінің бойында ер адамның дәретке барғаны туралы полицияға хабар келіп түсті. Учаскелік инспектор 34 жасар ер адам мас күйінде дүкеннің ауласында тұрған көлік жанында теріс әрекетке барған. Осы қылығы үшін әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді. Енді ер адам 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу