Қайрат Әбдірахманов Үндістанның сыртқы істер министрімен кездесті

776

Келіссөздер барысында екі жақты мемлекетаралық қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы достық дәстүрі атап өтілді. 

Қайрат Әбдірахманов Үндістанның сыртқы істер министрімен кездесті

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға ресми сапармен келген Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Сушма Свараджпен кездесті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Келіссөздер барысында екі жақты мемлекетаралық қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы достық дәстүрі атап өтілді. Тараптар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модинің 2017 жылғы маусымда Астанада және осы жылдың маусым айының басында Циндао қаласында өткен ШЫҰ саммитері аясындағы екіжақты кездесулердің барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын талқылады.

"Жақында Қытайдың Циндао қаласында өткен Қазақстан-Үндістан кездесуінен кейін Қазақстан президенті үкіметке Үндістанмен инвестиция, энергетика, логистика, ақпараттық технологиялар, ғарыш, фармацевтика, туризм және киноөндіріс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы негізінде біз 2019 жылға жоспарланған жоғары деңгейдегі ресми іс-шаралардың мазмұнын дайындаудамыз", - деді Қайрат Әбдірахманов.

2017 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы 1 миллиард доллар деңгейіне жетті. Тараптар осы көрсеткішті арттыру мақсатында белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға келісті. Атап айтқанда, көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Үнді мұхитына қол жеткізу мақсатында Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолының әлеуетін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу