Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды

1582

Елорданың Сарыарқа аудандық №2 соты Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

 Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталды Фото: halyq-uni.kz

"ҚР Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес Боранбаев, Нахановтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оған қарасты ведомстволарда, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда қызмет атқару құқығынан айрылсын. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге де тыйым салынады", - деді судья Назгүл Бапақова.

Сот үкіміне сәйкес Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан үй мен жер учаскесі, "Қазақстан Халық банкі" АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 196 мың теңге және "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның екі шотындағы 2 млрд 847 млн 877 теңге мемлекет кірісіне өтеді.

Судья Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2022 жылдың 18 наурызындағы қаулысымен Боранбаевтың мүлкіне – Астанадағы пәтерге, Алматыдағы жер учаскесі бар жеке үйге тыйым салу үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылатынын мәлімдеді.

Сот үкімінде Қайрат Боранбаевқа тағайындалған мемлекеттік наградаларды кері қайтару туралы да айтылды.

"Қылмыстық кодекстің 49-бабы 2-бөлігіне сәйкес Қайрат Боранбаевты мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізілсін", - деді үкімді оқыған судья Назгүл Бапақова.

Қайрат Боранбаевқа берілген мемлекеттік наградалар қатарында "Құрмет", "Ерен еңбегі үшін", "Парасат" және ІІІ дәрежелі "Барыс" ордені бар.

Сотталушы Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған дейін үйқамақта болған Жанұзақ сот залынан қамауға алынды.

Сотта айыптаушы тарап Қ.Боранбаевты газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырды деп айыптады. Алайда кәсіпкер тергеушілердің кәдімгі коммерциялық мәмілені қылмыс деп санағанын, енді ұлттық компанияға материалдық шығын келтірді деген айып тағылып отырғанын айтты.

Сотқа сонымен қатар, аталған іске қатысы бар деген айыппен Роман Наханов пен Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та тартылды. Олар үшін де прокурор сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Үшеуі де кінәсін мойындаған жоқ.

Қайрат Боранбаев былтыр 17 наурызда соттың шешімімен 2 айға қамалған еді. Кейін Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың сыртқа заңсыз шығарылған активтері қайтарыла бастағаны хабарланды.

Айта кетейік, Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы өткен жылы Астана 30 желтоқсанда басталды.

28 наурызда өткен сот отырысында прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұраған болатын.

Бүгін түске дейін Қайрат Боранбаев сот алдындағы соңғы сөзін айтты.

Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу