Бүгін бас прокурор Қайрат Қожамжаров Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің елшісі Майкл Джон Гиффордпен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Тараптар Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету жөніндегі шартты іске асырудың тиімділігін атап өтіп, қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады. Сондай-ақ сотталғандарды беру және тапсыру туралы келісім жасаудың мүмкіндігі тілге тиек етілді.
Қайрат Қожамжаров британдық құқықтық жүйенің тәжірибесін үйрену, сондай-ақ терроризм және қылмыспен күрес, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қос мемлекеттің құқық қорғау органдарының күшін біріктіру қажет екенін атап өтті.
Кездесу барысында "Астана" халықаралық қаржы орталығының қызметі аясында өзара табысты қарым-қатынас талқыланды. Аталған қаржы орталығының жүйесі ағылшын құқық қағидаларына негізделген.
Кездесу соңында Қайрат Қожамжаров қазақ-британ қатынасын одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.