Кездесу Алматыда өтіп, 2:2 есебімен тең аяқталды. Алматылықтар екі рет алға шықты, бірақ петерборлықтар есепті теңестіріп кетті. Алаң иелері сапынан Жоао Пауло (8-минут) пен Офри Арад (70-минут) гол соқты. Қонақтар сапынан Александр Ерохин (29-минут) мен Густаво Мантуан (85-минут) көзге түсті.
Кездесу аяқталған соң "Қайраттың" бас бапкері "Зенитпен" болған жолдастық кездесу (2:2) туралы пікір білдіріп, журналистердің сауалдарына жауап берді.
– Ең алдымен, ойынға келіп, бізді қолдаған жанкүйерлерге көп рақмет айтқым келеді. Супер атмосфера! Келесі аптада атмосфера бүгінгідей жақсы болса екен. "Зенитпен" ынтымақтастық орнатқанымыз өте жақсы болды. Мұндай командалармен ойнауға мүмкіндігіміз бар. Бұл біз үшін тамаша матч болды.
– Бірінші таймда басымдық біздің команда жағында болды. Бірақ екінші таймда қарсылас бразилиялықтарды шығарып, қонақтар басым бола түсті. "Зениттің" "Қайраттан" қай жері артық?
– "Зенит" соңғы бес жылдағы Ресей чемпионы. Футболшылардың жеке орындаушылық шеберлігі өте жоғары деңгейде. Біз мұндай командалармен сирек ойнаймыз. Бұл – тамаша тәжірибе. Мен ойын алдында жігіттерге бұл матчта жоғалтатын ештеңеміз жоқ дедім. Сондықтан, жоспарымыз батыл, агрессивті түрде өз ойынымызды ойнап, жақсы жақтарымызды көрсету болды. Байқасаңыз, солай ойнауға тырыстық. Бәрі ойдағыдай бола бермейтіні анық. Сондықтан көп жұмыс істеуіміз керек. Сонымен қатар бүгін бірнеше ойыншы негізгі командада дебют жасады. Түлектеріміздің дамуы жайлы тағы айтамын. Мұндай ойында да жаңа ойыншыларды шығаруды қорықпай, Рамазан Каримовті бастапқы құрамға қостық. Біз ойыншыларымызға сенеміз.
– Рамазан Каримовтің дебютін қалай бағалайсыз?
– Жас футболшылардың ойынын бағаламаймын. Біз олар туралы көп жақсы сөз айтамыз. Сосын олар оны қабылдайды. Бүгін олар өздерін Ресейдегі ең үздік футболшылармен салыстырды. Олардың әрқайсысы өз деңгейін көрді.
– "Қайрат" соңғы кездері стандартты жағдайларда тиімді ойнап жүр. Мұны қалай түсіндіре аласыз?
– Білесіз бе, әрбір тепкен соққы, голға айналатын кездер болады. Бізде де әр стандарттан гол салып жүрген уақыт болды. Биыл, өкінішке қарай, гол аз соқтық, сонымен қатар артық гол жіберіп алдық. Бос қақпаға, қақпашы алаңында соға алмаған мүмкіндіктер болды. Стандартты бізге нәтижеге жетуге көмектесетін компоненттердің бірі деп есептеймін. Айып доптарынан соғып жатқанымыз – қалыпты жағдай. Біз жұмыс істеп жүрміз. Стандарттан соққан голдарымыз көп болғанын қалаймын.
– Матч басталар алдында Анатолий Тимощукпен не туралы сөйлестіңіз?
– Анатолий осында ойнады. Енді "Орталыққа" оралды. Мен одан атмосфера қалай, қандай сезімдесің деп сұрадым. Ол ойнап жүргенде мен академияда жұмыс істейтінмін, кейде кездесіп қалатынбыз. 2021 жылы мен "Зенитте" тағылымдамадан өттім. Сондықтан біз жақсы араласамыз. Сол Аршавин де осында ойнаған. "Зенитте" де, "Қайратта" да өнер көрсеткен Евгений Тарасов та бар. Қазақстан осында келген адамдардың жүрегінде мәңгі қалады.
– Ойынға қойған барлық тапсырманы орындай алдыңыздар ма?
– Нақты тапсырма болған жоқ. Біз осындай қарсыласпен ойнап, қандай деңгейде екенімізді көргіміз келді. Көптеген жақсы мүмкіндігіміз болды. Ойыншыларға жеке тапсырма қойылды. Кейбіреуі орындай алды, кейбіреуінің қолынан келмеді. Енді бірі біз ойлағаннан жақсы ойнады.
– Чемпионаттың аяқталуына екі ойын қалды. Төртінші орында қалу үшін не істеу қажет? Келесі жылға қандай жоспарыңыз бар?
– Әзірге келесі жыл туралы айтпай-ақ қояйық. "Ақсумен" өз алаңымыздағы ойын мен қонақтағы "Атырауға" қарсы матчымыз бар. Алдағы екі ойында да жеңіске жеткіміз келеді.
Естеріңізге сала кетейік, "Қайрат" пен "Зенит" арасында ынтымақтастық орнаған. Олар 2023 жылдың басында тиісті келісімге қол қойды. Оның шарттарының бірі трансфер бойынша ынтымақтастық болды. Осылайша, 2022 жылы петербургтік команда "сары-қаралардан" Нұралы Әліпті жалға алып, кейін Қазақстан құрамасының 23 жастағы қорғаушысын сатып алды. Transfermarkt мәліметі бойынша, келісім-шарт соммасы екі миллион еуроны құрады.