Ең сорақысы, аудитордың атына қызметкерлерден футбол клубына қаржылық және құқықтық талаптары жоқ екендігі туралы өтінішке қол қою міндеттеліпті.
Десе де, клуб басшылығы 20 желтоқсанға дейін 2 миллион 745 мың теңге көлеміндегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі төленетінін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Қайсар" ФК-ның жарты жылға жуық уақыт бойы әлеуметтік төлемдерді төлемей келгені белгілі болды. Бұл туралы қызметкерлер медициналық тексеруден өту кезінде бір-ақ білген. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін қызметкерлер зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыруды тексеріп, ұйымның 6 айдан бері аударым жасамағанына көз жеткізген.
Бұдан да сорақысы, оларды аудитордың атына футбол клубына қаржылық және құқықтық талаптары жоқ екендігі туралы өтінішке қол қойдырғаны туралы ақпарат бар.
Қызылордалық клубтың басшылығы "мұның бәрі – 2020 жылдан бергі қарыздың салдары" дейді. Десе де, олқылықтың орны толтырылып, көп ұзамай шешімін табатынына сендіріп отыр.
- "Қайсар" ФК 2020 жылдан бері қордаланған қарыздың жинақталуына байланысты байланысты биыл бөлінген қаржыны жыл соңына дейін жеткізу мүмкін болмады. Премьер-лигада – "Қайсар", Екінші лигада – "Қайсар жас", футбол орталығында 600 баладан тұратын – 14 команданың жарысқа барып-келу шығыны, жаттықтырушылар мен ішкі қызметкерлердің жалақылары,барлығы бюджет есебінен қарастырылған. Қаржы тапшылығы салдарынан медициналық әлеуметтік сақтандыруды клуб төлей алмауда. Дегенмен 20 желтоқсанға дейін 2 миллион 745 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік медициналық сақтандыруды төленетінін жеткіземіз.
Ал анықтама бойынша, аудиторлық тексерістің жүргізілуіне байланысты мекеменің жұмысшыларға берілген 9 ай қорытындысы бойынша жалақыдан қарызы жоқ деген анықтамаға қол қойылды, - деп хабарлайды "Қайсар" футбол клубының баспасөз қызметі.
Еске салайық, биылғы маусымды сырбойылық клуб аз қаржымен әрі көп қарызбен өткерді. Солай бола тұра, Екінші лигада өнер көрсеткен "Қайсар-жас"екінші орынмен, Бірінші лигаға жолдама жеңіп алса, "Қайсар" үздік алтылыққа тұрақтап, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.