Сырбойылық клуб биылғы ел біріншілігі басталғалы бері екі рет ірі есеппен ұтылды. Әрі екі матчты да өз алаңында өткізген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Маусымашар ойын Ғ.Мұратбаев атындағы алаңда "Ақтөбе" футбол клубына қарсы өтті. Есеп – 3:1. Екінші турда "қасқырлар" "Қызылжардан" 3:0 есебімен ойсырай жеңілді. Сол-ақ екен, қызылордалық жанкүйерлер бапкер ауыстыру мәселесін көтерді.
- Үшінші ойын "Елім-аймен" өтеді. Бәрі сондағы нәтижеге байланысты. Жалпы, Кумыков – тәжірибелі бапкер. Оның мықтылығы не әлсіздігі 2-3 ойынмен бағаланбайды. Мысалы, өткен жылы да осындай жағдай болды. Бірақ, бапкер өз міндетін орындады, - деді "Қайсар" футбол клубының директоры Садық Мұстафаев.
2014 жылы "Қайсар" футбол клубына 1,38 миллиард теңге бөлініп, 6-орын еншілесе, 2024 жыға 1,2 миллиард теңге қаралып отыр. Осы жылдар аралығында, яғни 2019 жылы ең көп қаржы (4,15 миллиард) бөлініпті. Ең жоғары жетістігі (5-орын) 2018 жылы тіркелген.
- 10 жылда 20 миллиард жұмсап ең жақсы көрсеткіші 6-орыннан аспапты. Жетістік!
Жалпы, әлемдік практикада ересектер деңгейіндегі футбол – 100% коммерциялық сала. Ал, бізде алғашқыларына 30 жыл болды, әлі бюджеттен қаржыландырылады. Жақсы, сала дамуына аяқтансын деп қолдау керек-ақ. Бірақ 30 жыл емес қой. Әлі қанша жылдарға созылмақ? Тілі шықпаған баланың өзі көп болса 4-5 жасқа дейін ғана емеді емес пе!?
Спорт саласында көрсеткіштер басқа индикаторлармен бағалануы керек деп ойлаймын. Мысалы, салауатты өмір салты спорт саласының дамуы, кеңеюі өңір бойынша жан басына шаққандағы көрсеткішпен, атап айтсақ, спортпен шұғылданатын халық саны қамтылды не артты, спирттік өнімдер абсолютті түрде әрі пайызға төмендеді, т.б, - дейді Қасымжан Құдайбергенов есімді жанкүйер.
Жақында ғана Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында спорт саласына жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері талқыланып, "Қайсар" футбол клубының қаржылық жағдайы пысықталған еді.
Талдау нәтижесінде мамандардың жұмысқа орналасуына, спортшылардың іссапар шығындарының мақсатты жұмсалуына, спорт клубтарының жұмысын ұйымдастыруға қатысты бірқатар кемшілік анықталған болатын.