Бірінші кредиттік бюро дерегінше, қайталама нарықтағы нысандар арзандап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Баға соңғы 4 айда екінші рет төмендеді. Наурыз айында шаршы метр құны республика бойынша орташа алғанда 0,7%-ға құлдырады.
Нәтижесінде тоқсан қорытындысы бойынша қайталама нарықтағы тұрғын үй құны өскен жоқ. Мұндай дерек 2018 жылдың 1 тоқсаннан бері алғаш рет тіркелді.
Бұл ретте наурызда баға төрт қалада ғана төмендеген. Олар Астана (-1,4%), Алматы (-0,8%), Орал (-3,1%) және Павлодар (-0,3%).
Алматыда 2017 жылдың наурыз айынан бері алғаш рет бағаның төмендеуін тіркелді.
Астанада 2022 жылдың қарашасынан бастап баға көтерілген жоқ. Содан бері көрсеткіш екі рет (желтоқсанда және наурызда) төмендеп, екі рет өзгерген жоқ. Нәтижесінде елордада шаршы метрдің орташа бағасы осы уақыт ішінде 657,2 мыңнан 615,2 мың теңгеге дейін азайды.
Оралда баға кем дегенде 2016 жылдың басынан бері алғаш рет арзандады.
Павлодарда баға соңғы рет 2022 жылдың мамыр айында төмендеген. Ал оған дейін – 2018 жылдың желтоқсанында ұқсас статистика тіркелді.