Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура органдары мемлекет меншігіне 1 трлн теңгеден астам актив қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаражат әлеуметтік нысандармен қатар өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатыр.
Көлік саласында қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын 6 ірі жоба іске асырылуда. Оның үшеуі аяқталған.
Жобалардың бірі – Павлодар әуежайын жаңғырту. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде оның өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артты.
Сонымен қатар 1 маусымда Балқаш әуежайы пайдалануға берілді. Нысанды жыл сайын мыңдаған тұрғын мен турист пайдаланады.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, әуежайларды жаңарту ең алдымен ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әуе қатынасын жақсартуға және өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндік беруге бағытталған.
Қайтарылған активтердің мақсатты жұмсалуын және көлік саласындағы жобалардың заң талаптарына сай іске асырылуын Бас көлік прокуратурасы бақылауда ұстайды.